
16 маусым күні Алматы қалалық перинаталдық орталығында «Преэклампсияны скринингтеу, диагностикалау және болжаудың заманауи тәсілдері» тақырыбында ғылыми-практикалық семинар өтті. Іс-шара ZALMA компаниясы мен халықаралық Thermo Fisher Scientific компаниясының қатысуымен ұйымдастырылып, акушерия, гинекология және пренаталдық диагностика саласының мамандарын біріктірді.
Семинар аралас форматта – офлайн және онлайн түрде өткізілді. Бұл түрлі медициналық ұйымдардың мамандарына халықаралық сарапшылардың тәжірибесімен танысуға және өзекті ғылыми ақпаратқа қол жеткізуге мүмкіндік берді.
Іс-шараға шамамен 150 маман қатысты. Олардың қатарында Алматы қаласының перзентханаларының акушер-гинеколог дәрігерлері, алғашқы медициналық-санитариялық көмек ұйымдарының дәрігерлері, мемлекеттік және жекеменшік медициналық ұйымдардың өкілдері, сондай-ақ перинаталдық көмекті өңірлендірудің III деңгейіндегі босандыру ұйымдарының анестезиолог-реаниматолог дәрігерлері болды.
Семинарды аша отырып, Алматы қалалық перинаталдық орталығының, ZALMA компаниясының және Thermo Fisher Scientific компаниясының өкілдері жүктілік асқынуларын дер кезінде анықтау және әйелдер мен жаңа туған нәрестелерге көрсетілетін медициналық көмектің сапасын арттыру үшін заманауи диагностикалық технологияларды енгізудің маңыздылығын атап өтті.
Іс-шараның негізгі спикерлері медицина ғылымдарының докторы, генетик Маргарита Николенко (Украина) және Thermo Fisher Scientific компаниясының «Пренаталдық скрининг» бағыты бойынша жаһандық өнім менеджері Андреа Гартнер (Португалия) болды.
Бағдарлама аясында қатысушылар преэклампсияның алдын алу, скринингтеу және диагностикалау мәселелерін талқылады. Преэклампсия – ана мен баланың денсаулығына қауіп төндіруі мүмкін жүктіліктің ең ауыр асқынуларының бірі. Семинар барысында аурудың клиникалық салдарына, қауіп факторларын бағалаудың заманауи тәсілдеріне және қосымша бақылау мен профилактикалық шараларды қажет ететін пациенттерді ерте анықтау мүмкіндіктеріне ерекше назар аударылды.
Андреа Гартнер преэклампсия скринингінің заманауи алгоритмдерін қолданудың халықаралық тәжірибесімен бөлісіп, ASPRE зерттеуінің нәтижелерін таныстырды. Сонымен қатар клиникалық тәжірибеде қолданылатын PlGF биомаркері мен sFlt-1/PlGF арақатынасының маңыздылығы туралы баяндады. Қатысушылар ауруды болжау және қауіп тобына жататын пациенттерді жекелендірілген басқару бойынша соңғы ғылыми деректермен танысты.
Бағдарламаның жеке бөлімі преэклампсияны диагностикалауда биомаркерлерді практикалық қолдануға арналды. Маргарита Николенко Украинадағы заманауи скрининг әдістерін енгізу тәжірибесімен бөлісіп, клиникалық жағдайларды талдап, зертханалық зерттеулер нәтижелерін күнделікті медициналық практикада интерпретациялау мәселелерін қарастырды.
Семинар кәсіби пікір алмасу алаңына айналды. Қатысушылар жаңа диагностикалық шешімдерді енгізудің практикалық аспектілерін талқылап, тәжірибе алмасты және күнделікті жұмыста туындайтын өзекті сұрақтарға жауап алды.
Мұндай білім беру іс-шаралары кәсіби қауымдастықтың дамуына, халықаралық озық тәжірибелердің таралуына және ана мен бала денсаулығын сақтау саласындағы медициналық көмектің сапасын арттыруға ықпал етеді.







