
15 шілде бүкіл әлемде Гинекологтардың халықаралық күні аталып өтеді. Бұл – әйелдердің денсаулығына күн сайын қамқорлық жасап, репродуктивті денсаулықты сақтауға көмектесетін және жаңа өмірдің дүниеге келуіне жол ашатын дәрігерлердің кәсіби мерекесі.
Акушер-гинекологтың еңбегі – жай ғана медициналық мамандық емес. Бұл – терең білімнің, жоғары жауапкершіліктің, мол тәжірибенің, сабырлылықтың және адамға деген жанашырлықтың үйлесімі. Әйелдер өміріндегі ең маңызды кезеңдерді – жүктілікті жоспарлаудан бастап сәби дүниеге келгенге дейінгі жолды дәл осы мамандарға сеніп тапсырады.
Алматы қалалық перинаталдық орталығында акушер-гинекологтар командасы күн сайын қалыпты және асқынған жүктілік ағымы бар пациенттерге жоғары білікті медициналық көмек көрсетеді, босандырады, күрделі хирургиялық операцияларды орындайды және босанғаннан кейінгі кезеңде әйелдерді бақылауда ұстайды.
Орталық қызметінің маңызды бағыттарының бірі – жоғары қауіп тобындағы жүкті әйелдерге мамандандырылған көмек көрсету. Мұнда заманауи технологиялар, тәжірибелі мамандар және мультидисциплинарлық тәсіл шоғырланған, бұл ең күрделі клиникалық жағдайлардың өзінде оң нәтижеге қол жеткізуге мүмкіндік береді.
Жыл сайын Алматы қалалық перинаталдық орталығында 9 мыңнан астам босану қабылданып, жүктілігі асқынған әйелдерге мамандандырылған көмек көрсетіледі. Сонымен қатар, Алматы қаласындағы барлық мерзімінен бұрын босанудың 62%-ы дәл осы орталықта жүргізіледі, бұл оның еліміздегі жетекші босандыру мекемелерінің бірі екенін айқын дәлелдейді.
Әрбір аман-есен дүниеге келген сәбидің артында үлкен медициналық команданың еңбегі жатыр. Дегенмен, дәл акушер-гинеколог ең жауапты сәттерде шешуші шешім қабылдайды. Осындай сәттерде ана мен баланың өмірі мен денсаулығы дәрігердің кәсібилігіне, тәжірибесіне және жедел әрекет етуіне байланысты болады.
Қазіргі заманғы акушер-гинеколог – тек босандыратын дәрігер ғана емес. Ол өз білімін үнемі жетілдіріп, диагностика мен емдеудің жаңа әдістерін тәжірибеге енгізетін, халықаралық білім беру бағдарламалары мен ғылыми-практикалық конференцияларға қатысатын маман. Мұның барлығы әрбір пациенттің әлемдік үздік стандарттарға сай медициналық көмек алуына бағытталған.
Гинекологтардың халықаралық күніне орай Алматы қалалық перинаталдық орталығы барлық акушер-гинеколог дәрігерлерге жоғары кәсібилігі, жанқиярлық еңбегі, мамандыққа деген адалдығы және әйелдер денсаулығына күн сайын көрсетіп жүрген қамқорлығы үшін шынайы алғысын білдіреді.
Сіздерге жаңа өмірдің дүниеге келуіне себепші болған мыңдаған бақытты оқиғалар үшін, әрбір отбасыға сыйлаған қолдау, сенім және үміт үшін алғыс айтамыз.
Кәсіби мерекелеріңіз құтты болсын! Сіздерге зор денсаулық, амандық, кәсіби өрлеу, толағай табыстар және ризашылығы мол пациенттер тілейміз!
