
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Қалалық перинаталдық орталықта қуанышты оқиға орын алды – танымал қазақстандық әнші Төреғали Төреәлінің отбасында жетінші сәби дүниеге келді.
Салмағы 2490 грамм, бойы 46 см қыз бала. Сәбиге Мәриям есімі берілді. Бұл есімді таңдауға ата-анасына сәбидің ағасы мен әпкесі көмектескен.
Босану жоспарлы түрде кесарь тілігі арқылы өтті. Бұл жағдайдың ерекшелігі сол – танымал отбасының босануын төртінші рет қатарынан жоғары санатты акушер-гинеколог, орталық директорының орынбасары Гаухар Сарқытқызы қабылдады. Ол пациентті бірнеше жүктілік бойы бақылауына алып келеді. Операция медициналық команданың кәсібилігі мен үйлесімді жұмысының арқасында штаттық режимде, асқынусыз өтті.
«Гаухар Сарқытқызына өте үлкен алғысымды білдіргім келеді. Бұл – Қалалық перинаталдық орталық. Мен осында 7 жыл бұрын ең алғашқы рет Төренұрымды босануға келген болатынмын. Содан бері осы Гаухар Сарқытқызының алтын қолдарынан Алланың қалауымен 4 рет кесір тілігінен өттім. Соның төртеуінде де осы дәрігердің көмегімен осындай сәтті бәрі аяқталды. Аллаға шүкір. Гаухар Сарқытқызы сіздерге денсаулық тілейміз. Осы жалпы барлық перзентхана ұжымына өте үлкен алғысымызды айтамыз» — деді әншінің жұбайы Толқын Мырзақымова.
Босану кезінде Төреғали Төреәлі жұбайының жанында болып, қолдау көрсетті. Сәби дүниеге келгеннен кейін ол алғаш болып қызын қолына алды. Кейін медицина қызметкерлері әке мен бала арасындағы ерте байланысты «терімен тері» әдісі арқылы ұйымдастырып, сәбиді әкесінің кеудесіне жатқызды. Бұл жаңа туған нәресте мен ата-ана арасындағы эмоционалдық байланысты нығайтуға ықпал етеді.
Ана мен нәресте дәрігерлердің тұрақты бақылауында болды. Босанғаннан кейінгі кезеңде барлық қажетті медициналық көмек толық көрсетілді.
Жұлдызды отбасы сәбимен бірге аман-есен үйіне шығарылды.
Бұл отбасы – медицина жүйесіне деген сенім мен үздіксіз бақылаудың айқын үлгісі. Бір дәрігердің ұзақ жылдар бойы бір отбасын бақылауы қауіпсіздікті арттырып, жеке тәсіл мен пациентке қолайлы жағдай жасауға мүмкіндік береді.
«Мен үшін бұл жай ғана пациент емес – бұл жылдарға жалғасқан достық. Бұл отбасын көптен бері бақылап келемін, талай рет бірге маңызды кезеңдерден өттік, бірге уайымдап, бірге жаңа өмірдің қуанышынын сезіндік. Төртінші кесарь тілігі – үлкен жауапкершілік, бірақ сенім мен команданың үйлесімді жұмысының арқасында біз әрдайым жақсы нәтижеге қол жеткіземіз. Төреғалидің отбасы дәстүрлі отбасылық құндылықтарды ұстанады, әрі әншінің өзі ота кезінде әрдайым серіктестік босануға қатысып, жұбайына қолдау көрсетеді. Жалпы біз пациенттерді танымал тұлға немесе қарапайым адам деп бөлмейміз. Біз үшін барлығы тең – әрбір пациент кәсіби, мұқият және құрметпен көрсетілетін көмек алады», – деді акушер-гинеколог дәрігер Гаухар Сарқытқызы.
Қалалық перинаталдық орталық жұлдызды отбасын шын жүректен құттықтап, бүлдіршінге денсаулық, ұзақ ғұмыр мен жарқын болашақ тілейді.
Орталық ұжымы күн сайын аналар мен жаңа туған нәрестелердің денсаулығы үшін жоғары жауапкершілікпен жұмыс істеп, қауіпсіз әрі сапалы медициналық көмекті қамтамасыз етеді. Жұмыста кәсібилікке, пациенттерге мұқият қарым-қатынасқа және жайлы жағдай жасауға ерекше көңіл бөлінеді.
Алматы қаласының Қалалық перинаталдық орталығы пациенттерге заманауи стандарттар мен озық тәжірибелерге сәйкес медициналық көмек көрсетуді жалғастыруда.

