
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасына қарасты Қалалық перинаталдық орталықта сирек кездесетін және әлеуметтік маңызы зор оқиға орын алды – дүниеге үшем келді.
Сәбилердің анасы 39 жастағы Алматы тұрғыны – Гүлдана Түсіпхан, бұл оның төртінші босануы. Отбасында бұған дейін үш бала тәрбиелеп отырған келіншек дүниеге үшем әкеліп, бірден көпбалалы ана атанды.
Үшемнің жүктілігі табиғи жолмен, яғни көмекші репродуктивті технологиялардың қолдануынсыз болған, бұл акушерлік тәжірибеде өте сирек кездесетін жағдай.
Дәрігерлер үшемнің дүниеге келуін әдетте тұқым қуалаушылықпен байланыстырады, яғни бұл – ұрпақтан ұрпаққа берілетін генетикалық ерекшелік. Егер отбасында бұрын егіздер немесе үшем болған болса, мұндай көпұрықты жүктілік қайталанатын жағдай.
Кесар тілігі таңғы уақытта, шамамен сағат үште жасалды. Операция іске жедел түрде жұмылдырылған акушер-гинекологтар, анестезиологтар мен неонатологтардан құралған көпсалалы медициналық команданың кәсібилігі мен үйлесімді жұмысының арқасында сәтті өтті.
Операция нәтижесінде 3 сәби дүниеге келді:
– салмағы 1840 грамм, бойы 42 см болатын ұл бала;
– салмағы 1680 грамм, бойы 43 см болатын ұл бала;
– салмағы 1620 грамм, бойы 40 см болатын қыз бала.
Ұл балаларға Заңғар және Айбар есімдері қойылса, кішкентай қызды ата-анасы Әсел деп атады.
«Босану 32 апта + 2 күн мерзімінде шұғыл түрде кесар тілігі арқылы өтті, операция штаттық режимде, асқынусыз жүргізілді. Бұл жаңа туған сәбилердің өмірін сақтап қалуға және аман-есен жетілуіне жағдай жасауға барын салған медициналық ұжымның үйлесімді жұмысының нәтижесі. Шала туылған сәбилерге жеке пост бөлініп, олар бейінді мамандардың жіті бақылауына алынып, қажетті емін алды. Қазіргі уақытта нәрестелер салмақ қосып жатыр, жағдайлары жақсы және алдағы уақытта үйіне шығаруға дайындалуда», – деді Қалалық перинаталдық орталығы директорының ұйымдастыру-әдістемелік жұмыс жөніндегі орынбасары Салтанат Ерболатова.
Сәбилер толық жетілмегендігіне байланысты жаңа туған нәрестелердің реанимация бөлімшесінде өкпені инвазивті емес желдету сияқты қажетті медициналық көмек алды. Қазіргі уақытта қарқынды ем-домын жоғары тәуекел тобына жататын жаңа туған нәрестелер бөлімшесінде жалғастыруда.
Үшемге жеке пост бөлініп, сәбилер барлық қажетті жағдаймен қамтамасыз етілген және мамандардың тәулік бойғы бақылауында. Дәрігерлер оң динамиканы атап өтуде, толық тұрақтанғаннан кейін шала туған шақалақтарды үйіне шығару жоспарланып отыр.



