
Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Перинаталдық орталығында бір айдың ішінде бірден екі үшем дүниеге келді.
14 тамызда Алматы қаласының 27 жастағы тұрғыны Мөлдір Советханова үшемнің — екі ұл мен бір қыздың анасы атанды. Бұл әйелдің екінші жүктілігі, жүктілік табиғи жолмен болған. Нәрестелер жүктіліктің 32-аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келді.
Сәбилерге Айхан, Айбын және Айза есімдері берілді. Туған кездегі салмақтары сәйкесінше 1800, 1480 және 1400 грамм болды.
Уақытылы және білікті медициналық көмектің арқасында нәрестелердің жағдайын тұрақтандыруға мүмкіндік туды. Нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінде ем алғаннан кейін сәбилер жоғары тәуелділіктегі нәрестелер бөліміне ауыстырылды. Қазіргі уақытта мұнда оларды одан әрі бақылау және күту жұмыстары жалғасуда.
Сәбилерді үйде әкесі Әлібек пен төрт жастағы ағасы Айқын асыға күтуде. Үшемдердің дүниеге келуімен отбасы көпбалалы атанды — енді ата-ананың төрт баласы бар.
Екінші үшем 31 тамызда Рахат Бигелдиеваның отбасында дүниеге келді. Бұл балалар да мерзімінен бұрын — жүктіліктің 32-аптасында кесарь тілігі арқылы дүниеге келген. Отбасында екі қыз және бір ұл дүниеге келді. Ата-анасы сәбилерге Ахмет, Халима және Амина есімдерін берді.
Ұлдың туған кездегі салмағы 1998 грамм, қыздардың салмағы 1412 және 1347 грамм болды.
Қазіргі уақытта Рахат Бигелдиеваның балалары Нәрестелердің реанимация және қарқынды терапия бөлімінің дәрігерлерінің бақылауында. Сәбилерге қажетті медициналық көмек көрсетіліп, СРАР аппаратының көмегімен инвазивті емес тыныс алу қолдауы жүргізілуде.
Осы орайда, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің дәрігерлері мен медициналық персоналының еңбегін ерекше атап өткен жөн. Мамандардың кәсібилігі, мол тәжірибесі және үйлесімді жұмысының арқасында шала туған нәрестелерге өмірінің алғашқы минуттарынан бастап қажетті медициналық көмек көрсетілуде.
Қазір дәрігерлердің басты міндеті — балалардың жағдайын тұрақтандырып, ширауына және қажетті салмақ қосуына көмектесу. Мамандар сәбилердің жағдайын жіті бақылап, қажетті ем жүргізіп, олардың қалыпты бейімделуі үшін барлық жағдайды жасауда. Алдағы уақытта балалардың жағдайы тұрақтанған соң, үйлеріне шығару жоспарлануда.
Үшемдердің дүниеге келуі — кез келген отбасы үшін маңызды әрі қуанышты оқиға. Бір медициналық мекемеде бір айдың ішінде бірден екі үшемнің дүниеге келуі — сирек кездесетін жағдай.
2026 жылдың басынан бері Алматы қаласының Қалалық перинаталдық орталығында барлығы төрт үшем дүниеге келді. Алғашқы екі үшем қаңтар және ақпан айларында туған.
Айта кетейік, шала туған нәрестелердің шамамен 60%-ы Алматы қалалық Перинаталдық орталығында дүниеге келеді. Медициналық мекеме заманауи жоғары технологиялық құрал-жабдықтармен және жүктілігі асқынған әйелдер мен мерзімінен бұрын туған нәрестелерге медициналық көмек көрсетуге қажетті бейінді бөлімшелермен жабдықталған. Нәрестелерге медициналық көмекті шала туған балаларды күту бойынша мол тәжірибесі бар жоғары білікті мамандар көрсетеді.
