Алматы қаласы Қоғамдық денсаулық сақтау басқармасының Қалалық перинаталдық орталығында кесарь тілігінен кейінгі операциядан кейінгі ауырсынуды басудың заманауи әдісі — TAP-блок енгізілді.
Сәби дүниеге келгеннен кейін әрбір әйел мүмкіндігінше тезірек қалпына келіп, төсектен тұрып, баласын қолына алғысы келеді. Алайда кесарь тілігінен кейінгі алғашқы сағаттарда айқын ауырсыну сезімі жиі байқалып, бұл қозғалысты шектеп, жаңа туған нәрестеге күтім жасауды қиындатады.
TAP-блок (Transversus Abdominis Plane block) — аймақтық ауырсынуды басудың заманауи әдісі. Ол операциядан кейінгі тілік аймағындағы ауырсынуды азайтуға бағытталған. Процедура кезінде жергілікті анестетик іштің алдыңғы қабырғасындағы фасциалды кеңістікке енгізіледі. Бұл хирургиялық араласу аймағынан келетін ауырсыну импульстарының берілуін уақытша бөгейді.
Процедураның тиімділігі мен қауіпсіздігін арттыру мақсатында Перинаталдық орталықтың анестезиолог-реаниматологтары ультрадыбыстық навигацияны қолданады. Бұл дәрігерге анатомиялық құрылымдар мен препарат енгізілетін орынды дәл анықтауға мүмкіндік береді, осылайша блокада жасаудың дәлдігі артып, асқыну қаупі төмендейді.
«Технологияның басты артықшылығы — пациенттің жағдайын барынша жайлы ету және операциядан кейінгі алғашқы сағаттарда ертерек белсенділігін арттыру мүмкіндігі. TAP-блок қолданылған жағдайда әйел өздігінен ертерек отырып, орнынан тұрып, жүре алады. Бұл кесарь тілігінен кейінгі қалпына келу үдерісін жеделдетуге ықпал етеді», — деді ересектерге арналған анестезиология, реанимация және қарқынды терапия бөлімінің меңгерушісі Әлішер Умаров.
Перинаталдық орталықтың пациенттері жаңа әдістің тиімділігін тәжірибе жүзінде бағалап үлгерді.
Нұрай Үскенбаева Алматы қалалық перинаталдық орталығында екінші баласын кесарь тілігі арқылы дүниеге әкелді. Ол үшін 2024 жылы жасалған алғашқы операция мен қазіргі тәжірибенің айырмашылығы айтарлықтай болды.
«Бірінші баламды жүктіліктің 35-аптасында шұғыл түрде дүниеге әкелдім. Операция жақсы өтті, бірақ кейін реанимация бөлімінде маған өте қиын болды. Медбикелердің төсектен тұруыма және палатада жүруіме көмектескені есімде. Қатты ауырсынды. Ал бұл жолы операциядан кейін екі сағат өткен соң өзім отырып, орнымнан тұрып, жүре бастадым. Медицинаның бір орында тұрмай, дамып келе жатқаны қандай жақсы! Осындай мүмкіндік болғанына өте қуаныштымын», — деп бөлісті жас ана.
TAP-блокты қолдану операциядан кейінгі ауырсынудың қарқындылығын төмендетуге және кейбір жағдайларда операциядан кейінгі алғашқы тәулікте қосымша күшті ауырсынуды басатын препараттарға деген қажеттілікті азайтуға мүмкіндік береді.
Пациенттің ерте белсенді болуы ағзаның қалпына келуінде маңызды рөл атқарады және операциядан кейінгі асқынулардың, соның ішінде тромбоздық асқынулардың алдын алуға ықпал етеді. Сонымен қатар әйел күнделікті белсенділігіне тезірек оралып, бала күтімін өз бетінше ертерек бастауға мүмкіндік алады.
TAP-блок тек медициналық көрсетілімдер мен дәрігердің тағайындауы бойынша, пациенттің жағдайын міндетті түрде бағалау және оның жеке ерекшеліктерін ескеру арқылы жүргізіледі.
Айта кету керек, қазіргі таңда TAP-блок қызметі міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (МӘМС) жүйесі аясында көрсетілетін медициналық қызметтер тізіміне кірмейді. Сондықтан тек ақылы негізде көрсетіледі.
